СҚО-да ағаш өңдеу компаниясы қалдықсыз өндірісті дамытып жатыр
Солтүстік Қазақстан облысында «Nord Panels (Норд Панелс)» ЖШС ағаш қалдықтарынан жүк тұғырының өндірісін іске қоспақ. Аймақ үшін инновациялық болып саналатын бұл жоба «СПК «Солтүстік» АҚ-ның қолдауымен жүзеге асырылуда.
«Nord Panels (Норд Панелс)» ЖШС-нің ағашты терең өңдеу зауыты «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында ашылды.
– Алғашқы кезеңде біз қатпарлы ағаш өндірісімен айналыстық. Бұл 2021 жылы болған еді. Кейінірек ағаш өңдеу шоғырын құру туралы шешім қабылдадық. «Qyzyljar» АЭА аумағында бес гектар жер телімін сатып алып, шамамен 30 мың шаршы метрді құрайтын заманауи жаңа зауыт салдық. Құрылысқа, көлікке және жиһазға арналған қатпарлы ағаш өндірісінің қуатын жылына 50 мың текше метрге дейін арттырдық. Одан кейін өндіріс желісін кеңейтіп, зауытта және ағаш дайындау барысында пайда болатын қалдықтарды қайта өңдеумен айналысуды жөн көрдік. Аймақта мұндай өндіріс бұрын болмаған, – деп кәсіпорын тарихымен атқарушы директор Айваз Бакиров бөлісті.
2024 жылдың күзінде компания Еуропа мен Ресейде отын түйіршігі ретінде кеңінен қолданылатын қайың түйіршіктерін өндіруді бастады. Қазақстанда түйіршіктер отын ретінде сирек пайдаланылады, алайда олар үй жануарларының иелері арасында үлкен сұранысқа ие. Бұл – үй жануарларына арналған экологиялық таза дәрет толтырғыш. Зауыт айына 1 мың тоннадан астам түйіршік өндіреді.
– Біз қалдықтарды қайта өңдеу нарығын одан әрі зерттеп, елімізде жүк тұғырына сұраныс бар екенін анықтадық. Қазақстанда ағаш ыдыс-аяқ пен жүк тарасы жетілген ағаштан дайындалады, бұл өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай арттырады. Ал басқа елдерде жүк тұғыры қалдықтардан жасалады, соның арқасында олардың өзіндік құны төмен болады. Тара термоөңдеуден өтеді, бұл экспорттаушыларға фитосанитарлық сертификат алмай-ақ жүктерді тасымалдауға мүмкіндік береді, – деп түсіндірді Айваз Бакиров.
Жүк тұғыры мың тоннаға дейінгі жүктемеге төтеп бере алады. Сонымен қатар, олардың салмағы кеспе ағаштан жасалған жүк тұғырларына қарағанда едәуір жеңіл, жинақтауға және пайдалануға ыңғайлы.
– Біз осындай жүк тарасын өндіруде алғашқылардың бірі болуды шештік. Облыс әкімдігіне және «СПК «Солтүстік» АҚ-ға жүгіндік. Өткен жылы жабдық сатып алу үшін 670 млн теңге көлемінде тиімді шарттармен несие алдық. «СПК «Солтүстік» АҚ-мен жұмыс істеу өте қолайлы болды. Екі айдың ішінде барлық қажетті құжаттар дайын болды. Қытайдан жеткізілген жабдық келіп жетті, қазір монтаждау және іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілуде. Өндірісті наурыз айының басында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Жылына 1 млн-ға дейін жүк тұғырын шығаруды көздеп отырмыз. Өнім Қазақстан өңірлерінде сатылатын болады. Кәсіпорында қосымша 30 жаңа жұмыс орны ашылады, – деп атап өтті Айваз Бакиров.
Айта кетейік, бұл «СПК «Солтүстік» АҚ арқылы қаржыландырылған алғашқы инновациялық жоба емес. Олардың қатарында Петропавл қаласындағы инновациялық жылыжай мен саңырауқұлақ фермасы, Айыртау ауданындағы құрғақ бие сүтін өндіру зауыты, сондай-ақ Қызылжар ауданындағы жоңышқадан мал азығын өндіру зауыты бар.




