“Солтүстік”ӘКК АҚ қолдауымен 800 басқа арналған сүт фермасы ашылды
Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында “Солтүстік” ӘКК АҚ қолдауымен тағы бір сүт-тауар фермасы ашылды.
“Азия-Тарангул” ЖШС фермасы Тарангул ауылында орналасқан. 800 бас малға есептелген. Бірінші кезектің құрылысы аяқталды.
Агроқұрылым Еуропадан симментал тұқымының 500 ден астам малын әкелді.
Жақын арада компания екінші кезектің құрылысын бастайды. Толық қуатқа шыққаннан кейін фермада жылына 4 мың тонна сүт өндірілетін болады. “Eurasian milk” ЖШС ірі сүт өңдеу кәсіпорнымен жұмыс істейді.
Фермада ауыл тұрғындары үшін 25 жұмыс орны құрылды.
Жобаның жалпы құны 4 млрд теңгені құрайды, оның 2 млрд теңгесі – қарыз қаражаты. “Солтүстік” ӘКК Кредиттеу және жобаларды басқару департаментінің басшысы Олжас Сағандықовтың ақпараты бойынша, агроқұрылым 10 жылға дейінгі мерзімге жеңілдікті қарыз алды. Қаражат мал сатып алуға, қажетті жабдықтарды сатып алуға және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге арналған.
Айта кетейік, бұл “Солтүстік”ӘКК АҚ қолдауымен салынып жатқан алғашқы сүт-тауар фермасы емес. Солтүстік Қазақстан облысының агрожобаларды ӘКК арқылы жеңілдікпен кредиттеу бойынша тәжірибесі биылдан бастап еліміздің барлық өңірлерінде таратылуда. Сүт-тауар фермаларын салуға барлығы 100 млрд теңге бөлінді. Оның 17 млрд теңгесі – СҚО үшін.