KZ/ RU/ ENG

Петропавлда құбыр өндірісі қарқын алды

Петропавл қаласында орналасқан «Солтүстік құбыр зауыты» ЖШС қысқа уақыт ішінде өңірдегі маңызды өндіріс орындарының біріне айналып үлгерді. Зауыт іске қосылғанына бір жылға жетпесе де, әртүрлі диаметрдегі 100 шақырымнан астам құбыр шығарып, нарықта өз орнын таба білді.

Кәсіпорын өткен жылдың мамыр айында жұмысын бастаған. Жоба «Солтүстік» ӘКК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылған. Зауыт инженерлік инфрақұрылымға қажетті өнімдер шығарып, екі негізгі бағытта қызмет етеді: су құбыры және кәріз жүйелері, сондай-ақ жылумен жабдықтау желілеріне арналған құбырлар өндіру.

Бүгінде өңірдегі коммуналдық желілердің тозуы жоғары деңгейде екені белгілі. Осыған байланысты оларды жөндеу мен жаңғыртуға сұраныс артып отыр. Осындай қажеттілікті өтеуде жергілікті өндірістің маңызы зор. «Солтүстік құбыр зауытының» өнімдері сапасы мен сенімділігі арқасында тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Зауытта диаметрі 20-дан 1200 миллиметрге дейінгі полиэтилен құбырлары өндіріледі. Өнімге 20 жыл кепілдік беріледі. Мамандардың айтуынша, полиэтилен құбырлары жоғары өткізгіштігімен, беріктігімен және қысымға төзімділігімен ерекшеленеді. Бұл өз кезегінде апаттық жағдайлардың азаюына ықпал етеді. Өндіріс үшін қажетті шикізат Қазан қаласындағы серіктестерден жеткізіледі.

Қазіргі таңда кәсіпорын Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарының коммуналдық мекемелерімен тығыз жұмыс істеуде. Зауытта 35 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындарды тұрақты еңбекпен қамтуға мүмкіндік берілді.

Жобаны жүзеге асыру барысында кәсіпорын «Солтүстік» ӘКК» АҚ арқылы жеңілдетілген несие алған. Жобаның жалпы құны 1,5 миллиард теңгені құраса, оның 1 миллиарды 4 пайыздық мөлшерлемемен 8 жылға қаржыландырылған. Мұндай қолайлы шарттар өндірістің дамуына және өңір экономикасының нығаюына оң әсерін тигізуде.

Жалпы, Петропавлдағы бұл өндіріс орны аймақтың инфрақұрылымын жаңғыртуға өз үлесін қосып қана қоймай, отандық өнімнің үлесін арттыруға да септігін тигізіп отыр.

Контактілер

Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Н.Назарбаев көшесі, 69 ғимарат Пошта индексі: 150000

+7 7152 500 830 (қабылдау бөлмесі) spk.sko@mail.ru
KZ/ RU/ ENG