«Солтүстік» ӘКК Алматыда цифрлық экономика кеңсесінің ашылуына арналған конференцияға қатысты
«Солтүстік» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының инвестициялар тарту жөніндегі орынбасары Кайрат Сансызбаев пен «Солтүстік» ӘКК» АҚ Инвесторларға қызмет көрсету орталығының директоры Адиль Илеусизов Алматы қаласында IBI компаниясының өңірлік цифрлық экономика кеңсесінің ашылуына арналған конференцияға қатысты.
Іс-шараға агроөнеркәсіптік кешен, электрондық коммерция, логистика және цифрлық технологиялар салаларында Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі Қытайдың 150-ден астам компаниясының өкілдері жиналды.
Конференция барысында Кайрат Сансызбаев Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық және экспорттық әлеуетін таныстырып, өңірде жүзеге асырылып жатқан перспективалы жобалар мен аталған бағыттардағы өзара тиімді ынтымақтастық мүмкіндіктері туралы баяндады.
– Бұл конференция қытайлық бизнес өкілдерімен жаңа іскерлік байланыстар орнатуға және өзара тиімді ынтымақтастықтың келешегі зор бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді. Осындай алаңдар өңіріміздің әлеуетін кеңінен таныстыруға жол ашады. Инвестиция тарту – облыс экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін маңызды фактор, – деді Кайрат Сансызбаев.
IBI – сауданы цифрлық трансформациялау, электрондық коммерция платформаларын дамыту, цифрлық логистика және халықаралық тауар айналымына арналған заманауи шешімдерді енгізу бағытында жұмыс істейтін Қытайдың жетекші компанияларының бірі. Компания трансшекаралық электрондық коммерцияны дамытуға белсенді үлес қосып, өндірушілерді, логистикалық компанияларды және сауда платформаларын бірыңғай цифрлық экожүйеге біріктіреді.
