«Солтүстік» ӘКК Инвесторларға қызмет көрсету орталығы Қытайдың жетекші компанияларына СҚО-ның инвестициялық әлеуетін таныстырды
Гонконгтың атқарушы билік басшысы Джон Лидің ресми сапары аясында «Солтүстік» ӘКК» АҚ өкілдері Қытайдың ірі компанияларымен өткен бірқатар B2B кездесулерге қатысты. Олардың қатарында Beijing Information Technology және Lianyungang Commercial Holding компаниялары бар.
Кездесулер барысында тараптар ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын, сондай-ақ жасанды интеллектті экономиканың түрлі секторларына енгізу мүмкіндіктерін талқылады. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.
Әлеуетті инвесторларға Солтүстік Қазақстан облысының инвестициялық мүмкіндіктері, бизнесті мемлекеттік қолдау тетіктері және «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының артықшылықтары таныстырылды.
«Өткізілген кездесулер өңірдің халықаралық ынтымақтастығын нығайтуға және облыс экономикасын дамытуға, заманауи өндірістер ашуға әрі жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған инвестицияларды тартуға жасалған кезекті маңызды қадам болды», – деп атап өтті «Солтүстік» ӘКК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қайрат Сансызбаев.
«Солтүстік» ӘКК» АҚ Инвесторларға қызмет көрсету және инновацияларды қолдау орталығы инвестициялық жобаларды «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді сүйемелдеуді жүзеге асырады және оларды іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетеді.
«Бір терезе» қағидаты – бұл кәсіпкер мен мемлекеттік органдар арасындағы жобаны бірлесіп жүзеге асыруға бағытталған тиімді өзара іс-қимыл тетігі. Орталық инвесторларға техникалық шарттарды алуға, жер учаскесін таңдауға, визалық-көші-қон мәселелерін шешуге, қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізуге, сондай-ақ жобаларды іске асыру үшін қажетті құжаттарды алу және келісу рәсімдерінен өтуге көмек көрсетеді.

