«Солтүстік» ӘКК мамандары мобильді фронт-офистің жұмысына белсенді қатысуда
Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету тетіктерін түсіндіруге бағытталған мобильді фронт-офис өз жұмысын бастады. Жоба аясында мемлекеттік органдар мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының қаржы институттарының өкілдері өңір тұрғындарымен және кәсіпкерлермен кездесулер өткізуде.
Мобильді фронт-офистің алғашқы көшпелі отырысы Есіл ауданында ұйымдастырылды. Аталған кездесуге «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ атынан шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлімінің бас маманы Динара Рсаева қатысты.
Кездесу барысында Динара Рсаева кәсіпкерлерге «Солтүстік» ӘКК арқылы жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау бағдарламаларының мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат беріп, кәсіп ашуға және оны дамытуға арналған қаржылық құралдар мен қолдау тетіктерін таныстырды. Сонымен қатар қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, бизнесті жүргізуге қатысты практикалық кеңестер ұсынды.
Айта кету керек, мобильді фронт-офистің жұмысы алдағы уақытта Солтүстік Қазақстан облысының барлық аудандарында жалғасады. Жобаға кәсіпкерлік қызметін енді бастауды жоспарлаған азаматтар, жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер және өз ісін ашуға ниетті ауыл тұрғындары қатысып, мемлекеттік қолдау шаралары жөнінде қажетті ақпарат пен кәсіби консультациялар ала алады.
Аталған бастама Мемлекет басшысының кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау құралдарына қолжетімділігін кеңейту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қолдауымен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі тарапынан жүзеге асырылуда.
