«Солтүстік» ӘКК «Мектепке жол» акциясына қатысты
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ республикалық «Мектепке жол» акциясына қатысты. Корпорация Солтүстік Қазақстан облысындағы аз қамтылған отбасылардан шыққан 20 оқушыға қажетті кеңсе тауарларын сатып алып, көмек көрсетті.
«Мектепке жол» жобасы аясында Қызылжар ауданының Прибрежное ауылындағы балаларға көмек көрсету туралы өтінішпен корпорацияға Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері жүгінген.
Корпорация басшылығы балаларға қолдау көрсету туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік сатып алу жүйесі арқылы жалпы құны 400 мың теңгеден асатын кеңсе тауарларын сатып алуға конкурс өткізілді.
Корпорация қызметкерлері бастауыш сынып оқушыларына оқу жылына қажетті барлық оқу құралдарымен жабдықталған мектеп сөмкелерін табыстады. Көмек алған оқушылардың қатарында биыл мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған екі бүлдіршін де бар.
«Солтүстік» ӘКК жыл сайын аталған әлеуметтік акцияға қатысып, мұқтаж отбасыларға балаларын жаңа оқу жылына дайындауға қолдау көрсетіп келеді.