«Агробизнес – мал шаруашылығы»: Германиядан СҚО-дағы фермаға 330 бас ірі қара жеткізілді
Германиядан Солтүстік Қазақстан облысындағы «Буденное-СК» ЖШС-нің фермасына ірі қара малдың үлкен партиясы жеткізілді. Ауыл шаруашылығы құрылымы асыл тұқымды малды «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасы аясында сатып алған.
Өткен жылы «Буденное-СК» ЖШС Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 1200 басқа арналған заманауи тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Мұнда табынды автоматтандырылған басқару, сиырлардың денсаулығы мен өнім сапасын бақылау жүйелері енгізілді. Жалпы құны шамамен 1 млрд теңге болатын «Westfalia» брендінің жабдықтары орнатылды. Негізгі өндірістік процестер цифрлық бақылауға алынған.
Сүт-тауар фермасының құрылысы «Солтүстік» ӘКК» АҚ қолдауымен, агрожобаларды жеңілдетілген несиелеу бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін таратуға бағытталған Үлкен жоба аясында жүзеге асырылды.
Биыл «Буденное-СК» ЖШС «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасын пайдаланды. «Игілік» бағыты бойынша ауыл шаруашылығы құрылымы 330 бас мал сатып алуға 700 млн теңге көлемінде несие алды. Голштин тұқымды асыл тұқымды мал Германиядан екі партиямен жеткізілді.
Қазіргі таңда фермадағы сауын сиырлардың саны 984 басқа жетті. Ферма толық өндірістік қуатына шыққан кезде жылына 10 мың тоннаға дейін сүт өндіретін болады.
Еске сала кетейік, шілде айында «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасын «Игілік» және «Береке» бағыттары бойынша іске асыру аясында «Солтүстік» ӘКК» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасында несие желісін ашу туралы келісімге қол қойылды. Келісім бойынша «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдігін қарыз сомасының 85%-на дейін тарту мүмкіндігі қарастырылған.
Өңірге импорттық асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыруға 15 млрд теңге бөлінді.
Мал шаруашылығын дамытуға арналған «Агробизнес – мал шаруашылығы» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың Кешенді жоспары аясында қабылданды. Бағдарламаның мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еліміздің асыл тұқымды мал қорын жаңарту. Бағдарлама асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды қолдауға бағытталған.
