Отбасылық дәстүрден заманауи технологияларға дейін: «Даниал» ШҚ «Солтүстік» ӘКК қолдауымен суармалы егіншілікті дамытуда
«Даниал» шаруа қожалығы «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қолдауымен ауыл шаруашылығы жерлерін суару жобасын жүзеге асырды.
30 жылдық тарихы бар агроқұрылымның негізгі жер алқаптары Шал ақын ауданында орналасқан.
«Даниал» ШҚ басшысы Даниал Құдайбергеннің айтуынша, отбасылық бизнестің негізін қалаған атасы суармалы егіншілікті енгізу идеясын көптен бері жүзеге асыруды армандаған. Былтыр бұл жоспар іске асырылды.
– Біздің отбасымыз үшін ауыл шаруашылығы жай ғана бизнес емес. Бұл – бірнеше онжылдық бойы дамып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан іс. Атама шаруашылықтың негізін қалады, әкем осы істі жалғастырып, кеңейтті. Ал бүгінгі біздің міндетіміз – жинақталған тәжірибені сақтап, шаруашылықты жаңа, заманауи деңгейге көтеру, – деп атап өтті Д. Құдайберген.
Қазіргі уақытта Шал ақын ауданында агроқұрылым шамамен 6 мың гектар жерге егін егеді. Бірнеше жыл бұрын негізгі дақылдар бидай, арпа және сұлы болған. Алайда шаруа қожалығы заман талабына сай дамып, егіс алқаптарын біртіндеп әртараптандыруда.
– Қазір шаруашылығымызда бидай, арпа, сұлы, жасымық, зығыр, рапс және асбұршақ өсіріледі. Әр гектардан орта есеппен 20 центнерден астам өнім аламыз. Біз бір ғана дақылға және оның нарықтағы бағасына тәуелді емеспіз. Сонымен қатар әртүрлі дақылдарды өсіру ауыспалы егіс талаптарын сақтауға және жерді ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары дамуымыздың негізгі бағыттарының бірі суармалы егіншілікке айналды, – деді Д. Құдайберген.
Суару жобасы Сергеев су қоймасының маңында орналасқан 277 гектар алқапта іске қосылды. Бұл жерге «Ликамера» сұрыпты бидай егілді. Жобаның алғашқы жылы әр гектардан 51,4 центнер өнім алынды. Алдағы уақытта агроқұрылым суармалы жерлерден әр гектарға кемінде 70 центнер өнім алуды жоспарлап отыр.
– Менің ойымша, бұл – толықтай қол жеткізуге болатын мақсат. Ол үшін топырақты дайындау, егу мерзімдерін сақтау, тұқым сапасы, өсімдіктерді қоректендіру, арамшөптер мен аурулардан қорғау сияқты барлық жұмысты жүйелі ұйымдастыру қажет. Ең бастысы – суаруды дұрыс басқару. Ауыл шаруашылығының болашағы заманауи технологияларды тиімді қолдануға байланысты. Жер өзгермейді, алайда онымен қаншалықты сауатты жұмыс істейтінімізге қарай нәтиже мүлдем өзгеше болуы мүмкін, – деп сенім білдірді Даниал Құдайберген.
«Солтүстік» ӘКК» АҚ Кредиттеу және жобаларды басқару департаментінің директоры Талғат Жұмабеков ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге жобаларды жүзеге асыру үшін тиімді шарттармен қарыз берілетінін атап өтті.
– Агроқұрылымға 8 жыл мерзімге жылдық 4 пайыздық мөлшерлемемен 490 млн теңге көлемінде қарыз берілді. Суару жүйесін енгізу шаруашылықтың ауа райына тәуелділігін азайтып, өсімдіктерді вегетацияның маңызды кезеңдерінде қажетті ылғалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл өнімділікті арттыруға, өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығы жерлерін тиімді пайдалануға жағдай жасайды, – деді Т. Жұмабеков.
Айта кетейік, бұл – «Солтүстік» ӘКК» АҚ қолдауымен су үнемдеу технологияларын қолдана отырып жүзеге асырылған ауыл шаруашылығы жерлерін суару жөніндегі алғашқы жоба емес. 2022 жылдан бастап корпорация осындай жеті жобаны қаржыландырды. Олардың жалпы қаржыландыру көлемі 4,2 млрд теңгеден асты.