«Ауыл аманаты»: СҚО-да көпбалалы отбасы аудан орталығында тұзды үңгір ашты
Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында Диана Мұrзахметованың отбасы алғашқы тұзды үңгірді ашты.
– Біздің төрт кішкентай баламыз бар. Сондықтан балалардың иммунитетін нығайту үшін қаншама күш пен уақыт қажет екенін өз тәжірибемізден жақсы білеміз. Әсіресе, суық тию аурулары өршитін маусымда бұл мәселе өзекті. Біз Петропавл қаласынан 170 шақырым қашықтықта тұрамыз. Галотерапияның толық курсынан өту үшін облыс орталығына күн сайын қатынауға немесе емделу кезеңінде сол жерден пәтер жалдауға тура келеді. Мұндай мүмкіндік барлығында бола бермейді. Осылайша Сергеевкада тұзды үңгір ашу идеясы пайда болды. Шал ақын ауданының аумағы үлкен, ал бұл қызметке сұраныс бар, – дейді Диана Мұrзахметова.
Галокамера немесе тұзды үңгір – қабырғалары мен едені табиғи тұзбен қапталған арнайы бөлме. Мұндай бөлмелердің ауасы минералдармен қаныққан. Галотерапия тыныс алу жүйесі мен теріге оң әсер етеді деп есептеледі. Сонымен қатар ол күйзеліс пен ширығуды азайтуға, ағзаның аллергиялық реакцияларын жеңілдетуге көмектеседі.
– Біз Астана қаласынан мамандар шақырдық. Олар тұзды үңгірді толық жабдықтап, жоғары сұрыпты тұзды ауаға тарататын галогенератор орнатты. Осы құрылғының көмегімен қажетті микроклимат қалыптастырылады. Үңгірдің аумағы – 15 шаршы метр. Киім ауыстыруға арналған жеке аймақ та қарастырылған. Санитариялық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, келушілерге барынша қолайлы жағдай жасауға тырыстық. Бір сеанс 40 минутқа созылады. Сондықтан бір орында ұзақ отыруға қиналатын балалар үшін ойыншықтар мен теледидар қарастырдық, – деп атап өтті Диана Мұrзахметова.
Тұзды үңгір ашу жобасын «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қолдауының арқасында жүзеге асыру мүмкін болды.
Еске сала кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары мен шағын қала кәсіпкерлеріне, жаңадан кәсібін бастаған және жұмыс істеп жүрген фермерлерге, ауыл шаруашылығы және тұтыну кооперативтеріне қолдау көрсетуге бағытталған.
Стандартты жобалар үшін берілетін қарыздың ең жоғары сомасы – 2 500 АЕК, ал қайта өңдеу жобалары мен кооперативтер үшін – 8 000 АЕК.
Ауыл шаруашылығына жатпайтын кәсіпкерлік жобалар бойынша кредиттеу мерзімі 5 жылға дейін, ал ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу жобалары бойынша 7 жылға дейін белгіленген. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу жөнінде кеңес алу үшін:
Мекенжайы: Петропавл қаласы, Н. Назарбаев көшесі, 69.
Ұйым: «Солтүстік» ӘКК» АҚ Шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлімі.
Телефон: +7 (7152) 50 27 16.