KZ/ RU/ ENG

«Ауыл аманаты»: СҚО тұрғыны ротангтан жиһаз өндірісін жолға қойды

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасының қолдауымен Қызылжар ауданының тұрғыны Болат Шәкірбаев ротангтан жиһаз өндіру ісін қолға алды. Бағдарлама аясында ол қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, өз кәсібін дамытуға мүмкіндік алды.

Болат Шәкірбаев «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы өндіріске қажетті станоктар мен басқа да жабдықтарды сатып алған.

– Бағдарламаның шарттары қолайлы, төлем кестесі ыңғайлы. «Солтүстік» ӘКК» АҚ мамандары құжаттарды рәсімдеуден бастап жобаны іске асыруға дейін барлық кезеңде кеңес беріп отырды. Ешқандай қиындық туындаған жоқ, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, ротангтан жасалған сапалы әрі ыңғайлы жиһаз өндіру идеясы өңірдегі нарықты зерттегеннен кейін пайда болған. Оның нәтижесінде бұл бағытта бәсекелестік деңгейі төмен, ал өнімге сұраныс жоғары екені анықталған.

– Жергілікті нарықты зерттеп, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға өтінім бердім. Кейін Сарыағаш қаласында арнайы оқу курсынан өтіп, ротанг тоқу технологиясын меңгердім. Бір жиһаз жиынтығын жасауға шамамен бір апта уақыт кетеді. Қазір кейбір материалдарды Қазақстанның басқа өңірлерінен алдыруға тура келеді. Мысалы, жиһаз қаңқасын жасауға қажет диаметрі 0,8 сантиметр болатын металл құбырлар біздің өңірде өндірілмейді. Ал үстелдердің шыны беттері жергілікті өндірістен алынады. Қазіргі таңда 4, 6 және 8 адамға арналған жиһаз жиынтықтарын дайындаймын, – дейді Болат Шәкірбаев.

Жиһаздың шыны үстелі оның түсіне сәйкестендіріліп жасалған әрі алынбалы болғандықтан, күтім жасауға қолайлы. Жасанды ротангтан тоқылған үстелдер мен орындықтар температураның өзгеруіне және ылғалға төзімді. Қолмен тоқылатын мұндай жиһаз берік, жайлы және ұзақ жылдар пайдалануға жарамды. Сонымен қатар кәсіпкер ротангтан тербелмелі орындықтар да дайындайды.

Алдағы уақытта кәсіпкер өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.

– Қазір орындықтың бір үлгісін ғана шығарып жатырмын. Болашақта тағы екі-үш жаңа үлгіні өндіруді жоспарлап отырмын. Сонымен қатар орындықтар мен тербелмелі креслоларға арналған жұмсақ көрпешелерге тапсырыс бердім. Үйімнің жанынан жиһаз өндіретін арнайы шеберхана құрылысын бастап кеттім. Қатар өнімді нарыққа шығару бағытында жұмыс жүргізіп, өткізу нарығын кеңейтіп жатырмыз. Қазір маған ұлым көмектеседі. Өндіріс көлемі артқан кезде кемінде тағы екі адамды осы іске үйретіп, тұрақты жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.

«Ауыл аманаты» бағдарламасының негізгі мақсаты – ауыл тұрғындарының табысын арттыру және ауылдық жерлерде тұрақты экономиканы дамыту. Бағдарламаны іске асыруға қаражат республикалық бюджеттен бөлінеді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысына осы мақсатқа 3,7 млрд теңге қарастырылған.

Бағдарламаның сенім білдірілген агенті – «Солтүстік» ӘКК» АҚ.

«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу мәселелері бойынша кеңесті Петропавл қаласы, Н. Назарбаев көшесі, 69 мекенжайында орналасқан «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның шағын және орта бизнесті қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөліміне жүгіну арқылы немесе +7 (7152) 50 27 16 телефоны арқылы алуға болады.

Контактілер

Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Н.Назарбаев көшесі, 69 ғимарат Пошта индексі: 150000

+7 7152 500 830 (қабылдау бөлмесі) spk.sko@mail.ru
KZ/ RU/ ENG