«Ауыл аманаты»: Солтүстік Қазақстан облысында қоныс аударған отбасы өз кәсібін дамытып келеді
Қызылжар ауданының Баекендер отбасы мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасын пайдаланып, түтіндету цехын ашты.
Баекендер отбасы алты жыл бұрын Астана қаласынан Подгорное ауылына көшіп келген. Олар туған-туыстарына жақын болуды ұйғарған.
– Алғашқы жылдары жұмыс істеп, үйімізді абаттандырумен айналыстық. Қалада ұзақ жылдар тұрғаннан кейін мұнда да сондай жайлы жағдай жасағымыз келді. Оған қол жеткіздік. Кейін өз кәсібімізді ашып, дамыту туралы ойландық. Әрдайым өзімізге және жақындарымызға экологиялық таза өнім өндіруді қаладық. Көпшілік ысталған өнімдерді жақсы көреді. Осылайша болашақ бизнесіміздің идеясы дүниеге келді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша түтіндету цехына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алуға несие алу үшін құжаттарымызды тапсырдық, – деді Алия Баекина.
Болашақ кәсіпкерлердің өтінімі мақұлданып, ауыл тұрғындары берілген қаражатқа заманауи түтіндету шкафтары мен ет өнімдерін өндіруге қажетті басқа да құрал-жабдықтарға тапсырыс берді. Цехқа арналған ғимаратты олар алдын ала үйінің жанына салып қойған.
– Түтіндету шкафтары Қазақстанда өндірілген, оларды Лисаковск қаласынан сатып алдық. Әрқайсысы 150 келі өнімге есептелген. Етті сенімді жеткізушілерден сатып аламыз. Дәмдеуіштер жеткізумен айналысатын Павлодар компаниясымен келісімшарт жасастық. Рецепттерді әзірлеу үшін технологты шақырдық. Қазір ет өнімдеріне арналған тұз бен дәмдеуіштердің оңтайлы мөлшерін анықтап жатырмыз, өзіміз үшін шағын партиялар дайындаудамыз. Келесі кезең – сертификаттар алып, өнімді сатылымға шығару. Ет өнімдерімен қатар балық өнімдерін де өндіреміз. Түтіндету шкафтарының бірін осы мақсатқа арнайы қалдырдық, – деп бөлісті Алия Баекина.
Өнімдерін өздерінің бұрыннан салып, жабдықтап қойған дүкенінде сатуды жоспарлап отыр. Кейін өңір нарығына және Астана қаласына шығуды көздейді.
Баекендер отбасы мақсат, ниет және тиімді несие алу мүмкіндігі болған жағдайда кез келген жоспарды жүзеге асыруға болады деп сенеді.
Еске сала кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл тұрғындары мен шағын қалалардағы кәсіпкерлерге, кәсібін жаңадан бастаған және жұмыс істеп жүрген фермерлерге, ауыл шаруашылығы және тұтыну кооперативтеріне бағытталған.
Стандартты жобалар үшін қарыздың ең жоғары сомасы – 2500 АЕК, ал қайта өңдеу және кооперативтер үшін – 8000 АЕК. Ауыл шаруашылығына қатысы жоқ бизнес түрлерін қаржыландыру мерзімі – 5 жылға дейін, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу салалары үшін – 7 жылға дейін. Несие мөлшерлемесі жылдық 2,5%-дан аспайды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысу бойынша кеңесті Петропавл қаласы, Н. Назарбаев көшесі, 69 мекенжайы бойынша («Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның шағын және орта бизнес саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бөлімі) немесе +7 (7152) 50 27 16 телефоны арқылы алуға болады.