СҚО тұрғындары «Ауыл аманаты» бағдарламасына 200-ден астам өтінім берді
Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына белсенді қатысуда. Бүгінгі таңда өңір бойынша бағдарламаға қатысуға 200-ден астам өтінім түскен.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ аталған бағдарламаның сенім білдірілген агенті ретінде жұмыс атқаруда. 2025 жылдың қазан айында бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлініп, сол уақыттан бастап өтінім қабылдау басталған.
Қазіргі таңда өңір тұрғындарынан жалпы сомасы 2,2 млрд теңгені құрайтын 229 өтінім қабылданды. Оның ішінде 1,3 млрд теңгеге 121 өтінім мақұлданған. Сонымен қатар, жалпы сомасы 173 млн теңге болатын 14 өтінім қаралу үстінде.
Бағдарлама аясында бүгінге дейін 1 млрд теңгеге 96 жоба қаржыландырылды. Олардың қатарында мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, туризм саласы, балық өнімдерін өңдеу, жиһаз жасауға арналған жабдықтар сатып алу, автожуу қызметтері сияқты түрлі бағыттағы жобалар бар. Бағдарламаға облыстың барлық аудандарының тұрғындары қатысуда.
Микрокредиттің ең жоғары сомасы 2 500 айлық есептік көрсеткішке дейін (10,8 млн теңге) белгіленген. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту жобалары үшін бұл көрсеткіш 8 000 АЕК-ке дейін (34,6 млн теңге) жетеді.
Микрокредит беру мерзімі ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлері үшін 5 жылға дейін, ал ауыл шаруашылығы және өнім өңдеу саласындағы жобалар үшін 7 жылға дейін қарастырылған. Негізгі қарызды өтеу бойынша жеңілдік кезеңі 12 айдан аспайды.
Айта кету керек, жаңа ережелерге сәйкес «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ғимараттар мен тұрғын үйлерді сатып алу немесе салу (кейін жалға беру мақсатында), жеңіл автокөлік сатып алу, ауыл шаруашылығы жануарларын жақын туыстардан алу, сондай-ақ көтерме және бөлшек сауда қызметіне несие беруге тыйым салынған.