Петропавлда «Eco Glade» шағын өнеркәсіптік аймағында қағаз фабрикасы іске қосылады
Петропавл қаласында «Eco Glade» шағын өнеркәсіптік аймағының құрылысы жүргізілуде. Жоба «Солтүстік» ӘКК» АҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Өнеркәсіптік аймақ 9 гектар аумақты қамтиды. Ғимараттың жалпы ауданы 20 мың шаршы метрден асады. Қазіргі таңда нысанның дайындығы 80%-ды құрайды. Құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Италия мен Қытайдан қажетті жабдықтардың 30%-ы жеткізіліп, оларды орнату қатар жүргізілуде.
Шағын өнеркәсіптік аймақ аумағында биылғы жылдың төртінші тоқсанында «Гофропак» ЖШС-нің қағаз өнімдерін шығаратын фабрикасын іске қосу жоспарланған.
Кәсіпорында санитарлық-гигиеналық мақсаттағы қағаз өнімдері – дәретхана қағазы, қағаз сүлгілер мен майлықтар өндіріледі. Шикізат ретінде қайта өңделген қағаз бен макулатура пайдаланылмақ.
Фабриканың жылдық өндіріс көлемі 16 мың тонна өнімді құрайды. Бұл облыс қажеттілігінен де жоғары көрсеткіш. Солтүстікқазақстандық кәсіпорын Қазақстан нарығының 15%-ын қамтуды жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта гигиеналық қағаз өнімдерінің басым бөлігі шетелден импортталады.
Жаңа фабрикада 50 жұмыс орны ашылады.
Айта кетейік, шағын өнеркәсіптік аймақ «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында орналасқан. Сондықтан жоба қатысушыларына арнайы жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған.
Солтүстік қазақстандықтар үшін бұл жобаның маңызы зор. Себебі жаңа өндіріс орны қосымша жұмыс орындарын ашып, отандық өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы құны 4 млрд теңгені құрайды. Қаржыландыру «Eco Glade» ЖШС-нің жеке қаражаты және инвестициялар тарту арқылы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, «Солтүстік» ӘКК» АҚ мен «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы заем қаражаттары пайдаланылуда.
