Петропавлда саңырауқұлақ фермасы өндіріс көлемін екі есеге арттырмақ
Петропавл қаласында «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қолдауымен жүзеге асырылған саңырауқұлақ өсіру жобасы табысты дамып келеді. Заманауи жылыжай кешені мен мицелий өндіретін «EcoGlade» ЖШС өткен жылдың соңында іске қосылған болатын. Қазіргі таңда кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайтуға дайындалуда.
Кәсіпорында бүгінде шампиньон өсіретін алты камера жұмыс істейді. Әр камерада бес сөрелі төрт стеллаж орнатылған. Технологияға сәйкес апта сайын бір камераға жаңа субстрат салынып, бір камера босатылады. Осы жүйенің арқасында фермада күн сайын өнім жиналады. Қазіргі уақытта айына шамамен 35 тонна саңырауқұлақ өндіріледі.
«EcoGlade» ЖШС директоры Екатерина Асаёноктың айтуынша, алдағы 1-2 ай ішінде тағы алты камера іске қосылады.
— Қазіргі таңда жаңа камералар толық дайын деуге болады, тек кейбір жабдықтарды монтаждау жұмыстары қалды. Жаңа камералар іске қосылған соң аптасына екі камера жүктеліп, өнім көлемі екі есеге артады, — деді кәсіпорын басшысы.
Қазіргі уақытта ферма Ресейден импортталатын компостпен жұмыс істейді. Алайда тамыз айында кәсіпорын өзінің компост өндіру желісін іске қосуды жоспарлап отыр. Соның нәтижесінде ай сайынғы өндіріс көлемі 160-180 тоннаға дейін жетіп, жылына 2 мың тонна саңырауқұлақ өндіру көзделген.
Екатерина Асаёноктың сөзінше, жылыжай кешені екі өндірістік алаңнан тұрады. Бірінші алаңда саңырауқұлақ өсіруге арналған арнайы субстрат — компост дайындалады.
Компост өндіру — бір айға созылатын күрделі ферментациялық процесс. Бұл кезеңде сабан бірнеше бункер арқылы кезең-кезеңімен өткізіліп, әр апта сайын жаңа микроклимат пен ферментация жағдайлары жасалады. Бір айдан кейін мицелий себуге дайын болған субстрат технологиялық үдерістің соңғы кезеңіне жіберіледі.
Мицелий егілгеннен кейін компост 14 күн инкубациядан өтеді. Одан соң арнайы техника арқылы саңырауқұлақ өсіретін жылыжайға тасымалданады. Жүктеу және сөрелерге орналастыру жұмыстары толық автоматтандырылған.
Кәсіпорын алдағы уақытта ферма аумағын тағы 12 камераға кеңейтуді жоспарлап отыр.
— Қазақстанда шампиньон өндіретін ірі кәсіпорындар өте аз. Біздің статистикалық деректерге сәйкес, ел тұрғындары жылына шамамен 10 мың тонна саңырауқұлақ тұтынады. Оның 8 мың тоннаға жуығы Беларусь пен Ресейден импортталады. Алматыда саңырауқұлақ фермасы бар, алайда олар негізінен оңтүстік өңірлерді қамтиды, — деді Екатерина Асаёнок.
Бүгінде солтүстікқазақстандық өнім облыс нарығымен қатар Астана және Қарағанды қалаларына жеткізіліп жатыр.
