KZ/ RU/ ENG

Мал шаруашылығын дамытудың жаңа кезеңі: СҚО-да 48 млрд теңгеден астам қаржыға ет кластері құрылады

«Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Жақсылық Есдаулетов пен басқарма төрағасының орынбасары Олжас Сагандыков мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарын іске асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген кеңеске қатысты.

Кеңесте саланың инвестициялық әлеуеті мен перспективалы жобалары талқыланды. Солардың бірі – жергілікті «North Grain» ЖШС-нің Солтүстік Қазақстан облысында заманауи жоғары технологиялық ет өндірісін қалыптастыруға бағытталған бастамасы.

Инвестор өңірде толық өндірістік циклді қамтитын бірыңғай ет кластерін құруды көздейтін үш өзара байланысты жобаны ұсынды. Жобалар мал өсіруден бастап, дайын ет өнімдерін шығаруға дейінгі барлық кезеңді біріктіреді.

Алғашқы жоба аясында заманауи ет өңдеу кешенін салу жоспарланған. Кәсіпорын бір ауысымда 150 басқа дейін ірі қара мал союға қауқарлы болады. Сонымен қатар кешенде етті сүйектен ажырату, қаптау, жартылай фабрикаттар өндіру, қосалқы өнімдерді өңдеу, ет-сүйек ұнын шығару цехтары мен заманауи тоңазытқыш қондырғылары іске қосылады. Кәсіпорын толық қуатына шыққаннан кейін 220-ға дейін тұрақты жұмыс орны ашылып, жылдық айналымы 40 млрд теңгеге дейін жетеді деп күтілуде.

Екінші жоба – ет бағытындағы өнеркәсіптік қой шаруашылығы кешені. Ол кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, саулық қой саны 5 мыңнан 20 мың басқа дейін ұлғайтылады. Бұл өңдеу кәсіпорнын тұрақты шикізатпен қамтамасыз етіп, қой етін өндірудің экспортқа бағытталған жаңа бағытын дамытуға мүмкіндік береді.

Үшінші жоба Айыртау ауданының Құтузовка ауылында бір мезгілде 20 мың бас ірі қара мал ұстауға арналған заманауи бордақылау алаңын салуды көздейді. Кешен толық қуатына шыққан кезде жыл сайын 30 мың басқа дейін ірі қара мал айналымын қамтамасыз етіп, 40-тан астам тұрақты жұмыс орнын ашады.

Ұсынылған үш жобаның жалпы инвестиция көлемі 48 млрд теңгеден асады. Инвестициялық жобаларды іске асыруды 2027 жылы бастау жоспарланып отыр.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеуді, инфрақұрылымдық қамтамасыз ету, қаржыландыру және іске асыру мәселелерін өз құзыреті шегінде уақытылы пысықтауды тапсырды.

Айта кетейік, бұған дейін «North Grain» ЖШС Солтүстік Қазақстан облысында құрғақ бие сүтін өндіру бойынша бірегей жобаны табысты жүзеге асырған. Жоба «Солтүстік» ӘКК» АҚ-ның қаржылық қолдауымен іске асырылды.

СҚО-да құрғақ бие сүтін өндіретін болды

Контактілер

Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Н.Назарбаев көшесі, 69 ғимарат Пошта индексі: 150000

+7 7152 500 830 (қабылдау бөлмесі) spk.sko@mail.ru
KZ/ RU/ ENG