KZ/ RU/ ENG

Аустралиядан асыл тұқымды қойлардың алғашқы партиясы СҚО-ға жеткізілді

Солтүстік Қазақстан облысына дорпер және аустралиялық ақ қой тұқымдарының алғашқы партиясы жеткізілді.

Мал «Агробизнес – мал шаруашылығы» мемлекеттік бағдарламасының «Игілік» бағыты аясында сатып алынған. «Eco Lamb» шаруа қожалығы «Солтүстік» ӘКК» АҚ арқылы 999 бас асыл тұқымды қой сатып алуға 515,1 млн теңге көлемінде несие алды.

Алғашқы партиядағы 497 бас аустралиялық ақ қой мен 168 бас дорпер тұқымды саулық Ғабит Мүсірепов ауданы аумағындағы «Eco Lamb» фермасына жеткізілді.

Шаруа қожалығы аустралиялық ақ қой тұқымы бойынша асыл тұқымды репродуктор құруды жоспарлап отыр. Бұл тұқым жоғары генетикалық әлеуетімен және ет өнімділігінің жақсы көрсеткіштерімен ерекшеленеді.

Репродуктордың іске қосылуы Қазақстан аумағында жоғары өнімді асыл тұқымды мал басын көбейтуге мүмкіндік береді.

Еске сала кетейік, тамыз айында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Мал өсірушілер одағының басшысы Дәурен Салықов және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Аустралияның мал шаруашылығы фермаларына барған болатын.

Делегация өкілдері шаруашылықтарды аралап, жануарларды алдын ала іріктеуден өткізді. Іріктеу барысында малдың асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттері, тұқымдық ерекшеліктері, жасы, тірідей салмағы, денсаулық жағдайы, сыртқы бітімі және болашақ табынның өнімділігі мен көбею қабілетін айқындайтын өзге де көрсеткіштер бағаланды.

Бұған дейін, шілде айында, «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасының «Игілік» және «Береке» бағыттарын іске асыру аясында «Солтүстік» ӘКК» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасында несие желісін ашу туралы келісімге қол қойылған болатын. Келісімде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдігін қарыз сомасының 85 пайызына дейін тарту мүмкіндігі қарастырылған.

Өңірге импорттық асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру үшін 15 млрд теңге бөлінді.

Мал шаруашылығын дамытуға арналған «Агробизнес – мал шаруашылығы» жеңілдетілген несиелендіру бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспары аясында қабылданған.

Бағдарламаның негізгі мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еліміздің асыл тұқымды мал қорын жаңарту. Ол асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды қолдауға бағытталған.

Фото: ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі

Контактілер

Мекен-жайы: Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Н.Назарбаев көшесі, 69 ғимарат Пошта индексі: 150000

+7 7152 500 830 (қабылдау бөлмесі) spk.sko@mail.ru
KZ/ RU/ ENG