Австралиядан жеткізілген ірі қара малдың алғашқы партиясы СҚО-ға келді
Солтүстік Қазақстан облысына Австралиядан ірі қара малдың алғашқы партиясы жеткізілді. Мал жеткізу жұмыстары 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында жүзеге асырылды.
Ангус тұқымды алғашқы 305 бас ірі қара «Asyl Farms» және «Шал ақын АГРО-2020» агроқұрылымдарына жеткізілді. Оның ішінде «Asyl Farms» шаруашылығына – 205 бас, ал «Шал ақын АГРО-2020» шаруашылығына 100 бас мал әкелінді.
Тамыз айында облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов, Мал өсірушілер одағының басшысы Дәурен Салықов және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Австралиядағы мал шаруашылығы фермаларына барды.
Делегация мал шаруашылығы нысандарын аралап, жануарларды алдын ала іріктеуден өткізді. Іріктеу барысында малдың асыл тұқымдық және өнімділік қасиеттері, тұқымдық ерекшеліктері, жасы, тірідей салмағы, денсаулық жағдайы, сыртқы бітімі, сондай-ақ болашақ табынның өнімділігі мен өсімін молайту қабілетін айқындайтын өзге де көрсеткіштер бағаланды.
«Солтүстік» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Жақсылық Есдәулетов мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыруда жеңілдетілген қаржыландыру тетіктерінің маңызы зор екенін атап өтті. Бұл тетіктер ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шаруашылықтарын кеңейтуге, асыл тұқымды мал сатып алуға және заманауи өндірістік базаны қалыптастыруға инвестиция салуға мүмкіндік береді.
«Asyl Farms» ЖШС мен «Шал ақын АГРО-2020» ЖШС «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасының жеңілдетілген қаржыландыру шарттарын пайдаланды. Атап айтқанда, «Asyl Farms» ЖШС 500 бас мал сатып алу үшін «Береке» бағыты бойынша 1 млрд теңге көлемінде қарыз алды. Ал «Шал ақын АГРО-2020» ЖШС 100 бас мал сатып алу мақсатында «Игілік» бағыты бойынша 200 млн теңге көлемінде қаржыландыруға қол жеткізді, – деп атап өтті Ж. Есдәулетов.
Еске салайық, шілде айында «Солтүстік» ӘКК» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арасында «Агробизнес – мал шаруашылығы» бағдарламасының «Игілік» және «Береке» бағыттары шеңберінде кредиттік желі ашу туралы келісімге қол қойылған болатын. Келісім аясында қарыз сомасының 85%-ына дейін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ кепілдігін тарту мүмкіндігі қарастырылған.
Өңірге импорттық асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру үшін 15 млрд теңге бөлінді.
Мал шаруашылығын дамытуға арналған «Агробизнес – мал шаруашылығы» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспары аясында қабылданды. Бағдарламаның мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еліміздің асыл тұқымды мал қорын жаңарту. Бағдарлама асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтарды қолдауға бағытталған.
