«Солтүстік» ӘКК қолдауымен Петропавлда саңырауқұлақ фермасы кеңейтілуде
Петропавл қаласында «Солтүстік» ӘКК» АҚ қолдауымен саңырауқұлақ фермасын салу жобасы сәтті жүзеге асырылды.
2025 жылдың соңында «EcoGlade» ЖШС-нің саңырауқұлақ өнімдері мен мицелий өсіруге арналған заманауи жылыжай кешені іске қосылды. Қазір фермада өндірістік алаңдарды кеңейту жұмыстарына дайындық жүргізілуде. Петропавлда саңырауқұлақ өсіру көлемі екі есеге ұлғайтылады.
Ферма іске қосылғаннан бері айтарлықтай өзгерістер болды. Небәрі жарты жылдың ішінде өндірістік қуаттылық артып, қазіргі уақытта айына 90 тонна саңырауқұлақ өсірілуде. Алдағы екі айда өндіріс көлемін айына 180 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, өз компостын өндіру жолға қойылды. Бұған дейін компост Ресейден импортталатын. Енді шампиньондар өз өндірісінде дайындалған компостта өсіріледі.
Жыл соңына дейін фермада шампиньондарды өңдеу, атап айтқанда, консервілеу және мұздату өндірісі іске қосылады. Қажетті жабдықтар жеткізіліп, оларды монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
«EcoGlade» ЖШС үшін маңызды оқиғалардың бірі – саңырауқұлақ фабрикасының үшінші кезегінің құрылысын бастау
«Жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өтті және саңырауқұлақ фабрикасының үшінші кезегінің құрылысы басталды. Қолданыстағы шампиньон өсіруге арналған 12 камераға қосымша тағы 12 камера саламыз. Бұл өндіріс көлемін айына 360 тоннаға немесе жылына 4,4 мың тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстан нарығының саңырауқұлаққа деген қажеттілігінің 50 пайызын қамтамасыз етеміз. Нысанды 2027 жылдың жазында пайдалануға беру жоспарлануда. Жобалық қуатқа шығу үшін шамамен 3–4 ай қажет», – деп атап өтті «EcoGlade» ЖШС директоры Екатерина Асаёнок.
Қазіргі уақытта өнім Петропавл, Астана, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай және Павлодар қалаларының нарықтарына жеткізіледі. Өндіріс көлемінің ұлғаюына байланысты Қазақстан бойынша жеткізу географиясы да кеңейтіледі.
Жобаны жүзеге асыру мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болды. Құрылыс жұмыстары «СҚО тәжірибесін тарату» бағдарламасы аясында «Солтүстік» ӘКК» АҚ мен Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен қаржыландырылуда.
Жобаның жалпы құны 17 млрд теңгені құрайды. Фермада 100 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

