«Солтүстік» ӘКК Қытай инвесторларымен экономикалық байланыстарды нығайтуда
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ делегациясы Басқарма төрағасының инвестициялар тарту жөніндегі орынбасары Кайрат Сансызбаевтың жетекшілігімен Бейжің қаласының Фэнтай ауданының басшылығымен кездесті.
Қытай тарапы атынан кездесуге Фэнтай аудандық ҚКП комитеті Тұрақты комитетінің мүшесі Лю Юнцзун, Лицзэ қаржы-іскерлік ауданы әкімшілік комитеті директорының орынбасары Чжао Цянь және Чжунгуаньцунь ғылыми паркінің (Фэнтай ауданы) әкімшілік комитеті бас басқармасының директоры Ши Сяочэнь қатысты.
Кайрат Сансызбаев кездесуде Солтүстік Қазақстан облысымен ынтымақтастықтың артықшылықтары туралы айтып, инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктерін таныстырды. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, логистика және цифрлық экономика салаларындағы перспективалы инвестициялық жобаларды ұсынды.
Өз кезегінде Қытай тарапы Бейжіңнің заманауи қаржылық қызметтер мен халықаралық бизнесті дамытудағы жетекші орталықтарының бірі саналатын Лицзэ қаржы-іскерлік ауданының әлеуетін, сондай-ақ жоғары технологиялық кәсіпорындарды, ғылыми-зерттеу ұйымдарын және цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен зияткерлік өндіріс саласындағы компанияларды біріктіретін Чжунгуаньцунь ғылыми паркінің (Фэнтай ауданы) мүмкіндіктерін таныстырды.
Кездесу барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, Қытай инвестицияларын тарту, өндірістерді оқшаулау (локализациялау), сондай-ақ өңіраралық іскерлік байланыстарды нығайту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру перспективаларын қарастыруға, іскер топтар арасындағы байланыстарды кеңейтуге және өзара бизнес-миссиялар ұйымдастыруға келісті.
Бейжің қаласының Фэнтай ауданы – Қытай астанасындағы ең ірі әкімшілік аудандардың бірі. Ол инновациялар, жоғары технологиялық өнеркәсіп, қаржылық қызметтер және заманауи іскерлік инфрақұрылым шоғырланған маңызды орталық болып табылады.
