«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы Шал ақын ауданындағы ауыл шаруашылығы жерлерін суару жобасын қаржыландырды
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін суару бойынша кезекті жобаны қаржыландырды.
Жылдық 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге Шал ақын ауданындағы «Zha-Group Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қол жеткізді.
Компания 2020 жылдан бері мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс істеп келеді. Кәсіпорын сүтті мал шаруашылығын таңдаған. Заманауи ферма салып, сүт өнімділігі жоғары 200 бас асыл тұқымды шетелдік сиыр әкелген. Өзінің жемшөп базасын қалыптастыру мақсатында 2,5 мың гектар егістік жер сатып алған. Бүгінде мұнда мал азығының негізгі бөлігін құрайтын әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары өсіріледі.
– Біз сүтті мал шаруашылығымен айналысатындықтан, малды сапалы жемшөппен қамтамасыз ету аса маңызды. Жоғары өнім алып, ауа райына тәуелді болмау үшін 100 гектар жерге суару жүйесін енгізу туралы шешім қабылдадық. Суармалы егіншілікті қолданып жүрген әріптестеріміздің тәжірибесін зерттеп, қазіргі көрсеткіштен бірнеше есе көп жемшөп алуға болатынын түсіндік. Оның үстіне алғашқы егін еккен жылы құрғақшылыққа тап болып, жоспарлаған көлемнен аз сүрлем дайындадық. Суару жүйесі тұрақты әрі мол өнім алуға мүмкіндік береді. Әрине, ауыспалы егіс талаптары сақталады, – деді компанияның қаржы директоры Жангелді Есілбаев.
Кәсіпорын жобаны шілде айында іске қосуды жоспарлап отыр. Жаңбырлатып суару машиналары құрастырылып, барлық инженерлік желілер тартылған. Қазір Есіл өзеніндегі су деңгейінің төмендеуін күтіп, сорғы станциясын іске қосуға дайындалуда. Жоба аясында ауыл тұрғындары үшін бес жаңа жұмыс орны ашылады.
Жобаның жалпы құны 350 миллион теңгені құрайды. Оның бір бөлігі компанияның өз қаражаты болса, қалғаны несие қаражаты есебінен қаржыландырылған.
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Сағандықов несие беру туралы шешім қабылданар алдында қарыз алушының несиені және сыйақысын уақытылы әрі толық көлемде қайтару қабілеті бағаланатынын атап өтті. Қарыз міндеттемелерінің толық әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз ету – несие берудің басты шарттарының бірі. Конкурсқа қатысатын кәсіпкерлерге жұмыс тәжірибесінің болуы, банк алдындағы, міндетті төлемдер мен салықтар бойынша берешегінің болмауы секілді бірқатар біліктілік талаптары қойылады.
– «Zha-Group Ltd» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жобасы жаңбырлатып суару жүйесін енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруды және өндірілетін өнім көлемін ұлғайтуды көздейді. Жобаны жүзеге асыру жемшөп дақылдарының өнімділігін арттырып, мал шаруашылығын тұрақты дамытуға қажетті берік жемшөп қорын қалыптастыруға, сондай-ақ кәсіпорынның өндірістік қуатын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік береді, – деді Олжас Сағандықов.